Қызылордада жоғалған 16 жастағы қыз елордадан табылды
Қызылордада жоғалған 16 жастағы қыз елордадан табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың желтоқсан айында Қызылорда қаласының тұрғынынан 16 жастағы қызының үйінен сабаққа шығып, қайта оралмағаны жөнінде хабарлама түскен. Қызылорда облысы Полиция департаментінің жеке құрамы дереу жедел-іздестіру шараларын бастаған. Күні-түні жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, ювеналды полицейлер жоғалушының 21 желтоқсан күні Нұр-Сұлтан қаласында жүргенін анықтап, әріптестердің көмегімен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырған.
Мысалы, 26 қаңтарда сағат 14:00 шамасында Қызылорда қалалық Полиция басқармасының 102 арнасына Қызылорда қаласының тұрғыны алты жастағы ұлы өзінің тұрғылықты мекенжайынан қарама-қарсы дүкенге шығып, қайта оралмағандығы жөнінде хабарлаған.
Дереу іздестіру жұмыстарына кіріскен полицейлер кішкентай баланы көрші үйдің ауласынан тапқан.
– Облыс бойынша өткен жылы кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің 84 дерегі тіркеліп, олардың барлығы ата-аналарына аман-есен тапсырылды. Осыған орай, полиция қызметкерлері ата-аналарға балаларына деген бақылауды және жауапкершілікті күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын арттыру қажеттігін қатаң ескертеміз, – деп атап өтті Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.