Қызылордалық алаяқ жалға алынған ойын приставкасын сатып жіберген
Қызылордада полицейлер жалға алған ойын приставкасын сатып жіберген алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 ақпан күні Қызылорда қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне қала тұрғыны 6 ақпан күні одан белгісіз азаматтың «Sony Playstation 4» ойын приставкасын жалға алып, кері қайтармағаны туралы арызданған.
Жәбірленуші бірнеше рет аталған азаматқа хабарласуға тырысқанымен, ол телефонына жауап бермей, өшіріп тастап отырған.
Алданғанын түсінген жас жігіт полицияға хабарласып, көмек сұрады. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы шамамен 210 мың теңгені құрады.
Бұл факт бойынша өткізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығының 19 жастағы тұрғыны анықталып, ұсталды. Ол жалға алған приставканы сатып жібергенін мойындады.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.