Қызылордалық полицейлер 8 пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті азаматты ұстады
Қызылордада полицейлер 8 пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті азаматты ұстады, – деп хабрлайды Polisia.kz.
2021 жылғы қаңтар айының 26-28 күндері аралығында облыс аумағында «Пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Шара барысында 48 жастағы бұрын сотты болған күдікті азамат тәртіп сақшыларының құрығына ілікті.
Ол кешкі уақытта иелерінің үйде жоқтығын пайдаланып, пластик терезелер арқылы кіріп, ақша, зергерлік бұйымдар мен күзен тондарды ұрлаумен айналысқан. Күдікті азамат желтоқсан айының басынан бастап бірнеше үйге ұрлыққа түскен.
Ол соңғы рет 2021 жылдың қаңтар айының 25 күні кешкілік уақытта Қызылорда қаласы Саяхат шағын ауданындағы жеке үйлердің біріне пластикалық терезені ашып кіріп, техникалық құралдарды ұрлаған.
Қазіргі таңда жәбірленушілерге келтірілген материалдық және мүліктік шығын көлемі бес миллион теңгеге жуық.
Полицейлер күдіктінің басқа да жеті пәтер ұрлығына қатысы бар екенін анықтады.
Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.