Қызылордалық полицейлер мектептер жанындағы жолдарда арнайы макеттер орнатуда
Балалардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызылордалық полицейлер мектептер жанында макеттер орнатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі – үлкен жауапкершілікті талап ететін міндет. Жыл басынан Қызылорда облысы көлемінде балалардың қатысуымен сегіз жол-көлік оқиғасы орын алып, онда 16 жасөспірім түрлі дене жарақаттарын алған.
Статистикаға сүйенсек, балалардың қатысуымен жаяу жүргіншілер жолында жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі.
Балалардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында қызылордалық полицейлер күнделікті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Мәселен, Қызылорда облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері балалардың қатысуымен орын алатын жол апаттарының алдын алу мақсатында мектептердің жанында жаяу жүргіншілер өткелдерінде «Жолда абай болыңыздар!» мәтінімен ақпараттық стендтер және оқушылардың жолдан өтіп бара жатқан фотосы бейнеленген макеттерді орналастыруда. Ақпараттық стенд балалардың назарын аудару үшін мультфильм кейіпкерлерімен бейнеленген.
Сонымен қатар, полицейлер балаларға жаяу жүргінші өткелінен өтетін кезде жарық шағылыстыратын таяқшаны қолдануға кеңес береді.
Жарық шағылыстыратын таяқшаның жарығы жаяу жүргіншіні 130 метр қашықтықтан байқауға көмектеседі. Балалардың жарық шағылыстыратын таяқшаны кешкі уақытта қолдануы автокөлік жүргізушілерінің назарын аударуға мүмкіндік береді.