Қызылордалық полицейлер сала ардагерімен кездесті
Қызылордалық полицейлер сала ардагері Әмірбек Шаймағамбетов кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысының Полиция департаментінде Қазақстан полициясының 30 жылдығына орай ішкі істер органдарының ардагерімен кездесу шарасы өтті. ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, отставкадағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов жеке құраммен кездесті. Полиция полковнигі саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған. 30 жылдан астам еңбек жолында Әмірбек Бердібекұлы облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының бастығы, Сырдария аудандық ішкі істер бөлімі және басқа да салаларда басшылық қызмет атқарған. Қазіргі таңда облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі.
Бүгінгі кездесудің мақсаты – қызметкерлерімізге тәжірибелік көмек беру және ардагерлеріміздің ішкі істер органдарындағы ұзақ жылғы қызметтерінде жинақтаған мол тәжірибелерімен бөлісу. Ол өзінің қызметтік жолын, бастан кешкен оқиғаларын еске алып, өткен шаққа ойша сапар шеккендей естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, кездесу барысында Әмірбек Бердібекұлы «Тәуелсіздік қырандары» атты кітапты таныстырды. «Тәуелсіздік қырандары» атты кітабында Қызылорда облысы аумағында орын алған қоғамдық резонанс туғызған ауыр, аса ауыр қылмыстарды әшкерелеудегі полиция қызметкерлерінің ерен еңбегі жөніндегі шынайы оқиғалар қамтылған. Детективті жанрдағы бұл туындыға ұзақ жылдар құқық қорғау органдарында адал да абыройлы қызмет атқарған сала ардагері мен елімізге белгілі жазушы Нұрлыбек Саматұлы авторлық еткен.
ҚР Ішкі істер органдарының құрметті қызметкері осы жиында сөз алып, қоғамдық толқыныс тудырған ауыр, аса ауыр қылмыстарды әшкерелеуде полиция қызметкерлерінің жанқиярлық ерліктері баяндалған деректі детективті туынды туралы кеңінен айтып өтті. Бұл туынды көп жылдық еңбектің нәтижесі. Айта кетерлігі, 2021 жылдың 25 желтоқсанында республикалық » Заң-медиа» ЖШС мен Түркістан облысы Соты ұйымдастырған қазақ әдебиеті детективтік жанрдың атасы, жазушы Кемел Тоқаев атындағы конкурста «Набат:операциясы» деректі әңгімесі жүлделі орын иеленсе, «Бір құмалақ..» атты деректі әңгімесі Кемел Тоқаев атындағы конкурстың детективті жанрда жазылған ең үздік шығармалары кірген «Шытырман» кітабына енгізілген.
Әмірбек Бердібекұлының полиция қызметкерлерінің қылмысқа қарсы күрес пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудегі ерен еңбектері туралы шығармалары, деректі әңгімелері республикалық «Заң газеті», «Юридическая газета», «Фемида», «Полиция КZ» журналдарында, «Сақшы», «Сыр бойы», «Кызылординские вести» газеттері мен әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жарияланып, полицияның қоғамдағы оң имиджін қалыптастыруға зор үлесін тигізіп келеді.
Кездесу соңы пікір алмасуға ұласып, Әмірбек Бердібекұлы полиция қызметкерлерінің сұрақтарына жауап берді. Әсерлі де мазмұнды өткен шара соңында ол тәртіп сақшыларын Қазақстан полициясының 30 жылдығымен құттықтай отырып, ізгі лебізін білдірді.
Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Амиржан Утегенов ардагер Әмірбек Бердібекұлына алғысын білдірді.
– Жас қызметкерлерді тәрбиелеуге, полицияның дәстүрлерін сақтап, дамытуға қосқан үлесіңіз үшін алғысымыз ерекше. Алға қойған тапсырманы адалдықпен атқарып, жас буынға үлгі бола білдіңіз. Адал еңбегіңізге ризашылық таныта отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық пен шаңырағыңызға шаттық тілеймін, – деген тілегін білдірді Полиция департаменті бастығының орынбасары.