Рейд кезінде полицейлер есірткі қолданған ер адамды ұстады
Түркістан облысының полицейлері есірткі қолданған ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сайрам ауданының Полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлерімен түнгі рейдтік іс-шарасы барысында жолда келе жатқан жаяу жүргінші күдік тудырған. Полицейлер күдіктенген азаматты тоқтатып, әңгімелесу жүргізді. Нәтижесінде оның спирттік ішімдік ішкендігі анықталды.
Оған қоса күдіктінің сол аяғына киген шұлығынан ақ параққа оралған есірткі затына ұқсас зат табылды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша тіркелді.
Алынған айғақты заттар сараптамаға жіберілді. Сараптама қорытындысы бойынша оның «кептірілген марихуана» екендігі белгілі болды.
Салмағы бір грамнан астам. Күдікті бұрын сотталмаған. Бас шарасы келу туралы міндеттемеде. Қазіргі таңда күдікті азаматтың өзге де қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы анықталуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткі заттарының ағзаға зиянды әсері туралы ескертеді. Сондай-ақ есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.