Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ресейлік жүргізушілер СҚО патрульдік полицейлеріне алғыстарын білдірді

Ресейлік жүргізушілер түнде келе жатып жолда сынған көліктеріне көмек көрсеткен СҚО патрульдік полицейлеріне алғыстарын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Instagram”-дағы петропавлдық пабликтер түнгі жолда түсірілген жартыминуттық видеоны жарыса орналастырды. Видеодан патрульдік автокөлік басқа көлікті троспен сүйрегенін көруге болады және түсіріп тұрған адам “Солтүстік Қазақстан облысы ЖҚҚМИ” жұмысына оң пікірін білдірген екен. Бірер сағаттың ішінде аталған видео мыңдаған қаралым жинап, желі қолданушыларының оңдаған жағымды комментарийлеріне ие болды.

СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының командирі Ерлан Мәдиевтің айтуынша, аталған жағдай “Челябі-Новосібір” автожолында болған. Екі ресейлік азамат “Hyundai Santa Fe” автокөлігімен Петропавлдан Омбыға бет алған екен. Жолдың 608 шақырымында көлік сынып қалады. Суық жел мен ызғарлы аяздан көліктің іші жылдам салқындаған. Абырой болғанда, авариялық жарық сигнализациясы патрульдік полиция батальоны экипажының көзіне түседі. Полиция қызметкерлері Сергей Михайленко және Жанат Сәдуақасов кроссоверді жақын маңдағы жанар-жағармай бекетіне жеткізіп, көлікті жөндеуге көмектескен. Бұдан бөлек, полицейлер жүргізушілерге Омбы қаласына жетіп алғанша қоңырау шалып тұрған. Офицерлер риза болған омбылықтардың олардың көмек көрсетіп жатқан сәтін смартфонға түсіріп, видеоны интернетке жүктейтінін білмеген.

Сондай-ақ, бірер күн бұрын солтүстікқазақстандық патрульдік полицейлер өтпежолға шықпақшы болып тоқтап қалған ауыр жүк көлігіне көмек көрсетті. Жағдайды түзеуге күш жұмсаған жүргізуші дизель отынын тауысқан, “КамАЗ” жарты сағаттан кейін оталмай қалған. Патрульдік полиция батальонының инспекторлары Николай Фоменко және Шалқар Қапезов жүргізушіге дизель отынын алып келіп, көлікті оталдыруға көмектескен.

– Полицияның сервистік жұмысы аясында тәулік бойы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету- қызметіміздің негізгі басымдығы, – деп атап өтті  Ерлан Мәдиев. – Жүргізушілерді ауа райы болжамына жауапкершілікпен қарап, қолайсыз күн райы туралы келіп түсетін хабарламаларды ескеруге шақырамыз. Қаңтар айының алғашқы онкүндігінде ызғарлы аяз бен жел болжануда. Жуырда барлық бағыттар бойынша жолдар жабылып, дизель отынымен жүретін көлік құралдарының, қоғамдық көліктердің қозғалысы шектелген еді. Ауа райының қолайсыздығына тәжірибелі жүргізуші тізгіндеген ауыр техника да шыдас бермейді. Мүмкін болса, алыс жолға шығудан бас тартуға, әсіресе балалармен, егде жастағы адамдармен жолға шықпауға шақырамыз.

Күн сайын облыс жолдарында патрульдік полицияның 15 экипажы қызмет атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру