Риддердегі өрт орнынан кабельді ұрлағандар ұсталды
Риддердегі өрт орнынан кабельді ұрлағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 27 маусымында түнгі уақытта патрульдік полиция взводының қызметкерлері Риддер қаласының Л.Толстой көшесі бойын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлерінен жасырынуға тырысқан сұр түсті ВАЗ автокөлігін байқаған.
Тәртіп сақшылары тез арада қуғындауды жүзеге асыра отырып, жеңіл көлікті тоқтатқан. Автокөлік салонында Риддер қаласының 25 және 27 жастағы тұрғындары болған.
Автокөлікті тексеру барысында жүксалғыштан қаладағы ЖШС-нің біріне тиесілі ұзындығы 35 метрге жуық «ВВГ-4*16» қуат кабелі табылған.
Белгілі болғандай, қылмыскерлер орман өрті болған ауданында электр желілері жөнделіп жатқанын және токтың кернеусіз тұрған электр беру кабельдері тартылып жатқанын біліп, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдеу қадамына барған. Алайда, олар алысқа ұзай алмай, полиция қызметкерлерінің қырағылығының арқасында қолға түскен.
Жауап алу барысында күдікті адамдар бұл әрекетін мойындады. Келтірілген шығын сомасы 107 мың теңгені құрады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігіне (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде.