Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтыққа күдікті бұрынғы мектеп мұғалімі қолға түсті

Түркістан полицейлері алаяқтыққа күдікті ретінде мұғалім болып жұмыс істеген әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан қаласында жұмысқа орналастырамын деген желеумен алаяқтыққа күдікті әйел ұсталды. Нақтырақ айтсақ, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын әйел алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Оның айтуынша, сырттай танысы ауруханаға медбике ретінде жұмысқа кіргізіп беретінін айтып, сендірген. Және ол үшін жас әйелден 2021 жылдың маусым айының басында 550 мың теңге қаражат алған.

Алайда бүгінгі күнге дейін уәде етілген жұмысты да, не өз ақшасын да ала алмаған. Аталған жайт СДТТБТ-ға енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, күдікті деп танылған жергілікті тұрғынды анықтап, басқармаға жеткізді.

Тексеру кезінде оның мұғалім болып жұмыс атқарғаны белгілі болды. Яғни, күдікті егде жастағы әйел жәбірленушіге ақпарат беріп, ақшаны өзіне алып, қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде. Ұсталған әйелдің бас шарасы “міндеттемеде”.

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды ескертеді. Жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” телефонына хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру