Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сайрамдық сақшылар көпірден секірмек болған жасөспірім қызды құтқарды

Сайрамдық сақшылар көпірден секірмек болған жасөспірім қызды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тәртіп сақшылары күнделікті жұмысқа шыққандарында өздерін не күтіп тұрғанын білмейді. Ішкі істер саласында қызмет ету – шынында іштей батырлықты, қайсарлықты, шыдамдылықты талап ететін сала. Өйткені түрлі ірілі-ұсақты қылмыстарды болдырмау, алдын алуда полицейлер талай оқиғалардлы бастан кешіреді. Мәселен, Сайрам аудандық полиция басқармасының қызметкерлері Нұрбол Қуанышбеков, Нұржан Бегмаганбетов және Бөлеген Тулегеновтер таңғы саптық жиыннан шығып, қызметтік автокөліктерімен кетіп бара жатқандарында бейтаныс әйел қол бұлғап тоқтатады. Содан полицейлер тоқтап, не жағдай екенін сұрағанда, әйел жыларман күйде өзінің кәмелет жасына толмаған қызы темір жол вокзалы маңындағы жерүсті көпірінен секірейін деп жатқанын, соған қызын құтқаруға жәрдем етулерін сұрай бастайды.

Тәртіп сақшылары әйелдің сөзіне жедел ден қойып, оны көлікке отырғызып, қыздың тұрған жерін анықтап, қол ұшын созуға оқиға орнына шығады. Осылайша полицейлер, қызды Ақсукент ауылы Төлеби көшесі бойында орналасқан Манкент станциясы жанындағы көпірге мініп, өз-өзіне қол жұмсамақ ниетте тұрған жерінен табады. Осы сәтте полицей Бөлеген Тулегенов биіктен секірмек болған жасөспірім қыздың жанына жақындап, оны аман алып қалуға қажетті шараларды іске асырады. Дереу әрекетке көшіп, қызға күдік тудырмау үшін көпірге жасырын мініп, ту сыртынан келіп, көпірге ілініп тұрған қызды мықтап ұстап алады. Содан соң полицейлердің барлығы жабыла, онықауіпсіз жерге шығарады. Осылайша Сайрам АПБ полицейлерінің шұғыл іс-әрекеттері мен қырағылығы арқасында, көпірден құламақ болған 14 жастағы қыз дін аман қалды.

Тексеру барысында өз өмірін қимақ болған қыз мектептің 8-сынып оқушысы болып шықты. Белгілі болғандай, анасымен ренжіскен жасөспірімде отбасылық кикілжіңнен соң, суицид жасау ойы туындаған. Алайда полицейлердің кәсіби шеберлігі арқасында барлығы жақсы аяқталып, ол отбасына аман-есен табысталды.Жасөспіріммен моральдық-психологиялық әңгімелесу ұйымдастырылып, көмек берілді.

Өз кезегінде қыздың анасы полицейлердің қырағылығына шынайы ризашылығын білдірді.

– Қызымның құрбысы, қызыңыз көпірден секіремін деп жатыр деп хабарласқанда, не істерімді білмей қалдым. Ойыма бірден полицейлер келіп, осыларға жүгірдім. Үмітім алдамады. Олар қызымды аман-есен құтқарып берді. Үлкен рақмет. Алла разы болсын! Жұмыстары алға бассын! – деп атап өтті.

Ал, полицейлер болса:

– Бұл біздің – міндетіміз. Әрбір Қазақстан Республикасы азаматының амандығын қамтамасыз етіп, тыныш ұйықтауы үшін қызмет етуге әрқашан дайынбыз. Мұндай жағдайларда күнделікті тәрбиелік мәні бар ескертпелер мен ақыл-кеңестерін беретін басшыларымыздың еңбегі еселі екенін айтып өтсек. Оның ішінде АПБ бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Сапарғали Ботабеков. Біз үнемі елдің қорғаны деген атқа сай болу үшін аянбай қызмет етеміз, – дейді.

Жалпы, тұрғындардың амандығы мен тыныштығын сақтауда полицейлер әрқашан алғы шепте жүреді. Тәртіп сақшыларының басты міндеттерінің бірі – халықтың қорғаны мен қорғаушысы болу. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру