Сарыағашта қызметтік иттің көмегімен есірткі тасымалдаған ер адам анықталды
Сарыағашта қызметтік иттің көмегімен есірткі тасымалдаған ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш аудандық полиция бөліміне есірткі контрабандасы бойынша ҚР ҰҚК шекара қызметінен ақпарат келіп түсті. Хабарламада Жібек жолы өткізу пунктінде шекарашылар мен Наоми атты қызметтік иттің шебер әрекеттері арқылы тыйым салынған заттарды тасымалдауға күдікті ҚР азаматы анықталғаны көрсетілген.
ҚР-ның шекарасынан өтпекші болған күдіктіге тексеру жүргізу кезінде гашишке ұқсас өсімдік тектес зат табылды. Алынған есірткі заты зерттеу қорытындысына сәйкес, салмағы 2 грамға жуық гашиш екені расталды. Тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін күдікті ер адамды полиция бөліміне жеткізді.
Бұл дерек ҚР ҚК-нің 286-бабы (Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта есірткі контрабандасы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.