Сәтбаевта ұрлаған тоңазытқышын сатып үлгерген ұры ұсталды
Жалдамалы пәтерден тоңазытқыш ұрлаған Сәтбаев қаласының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 қазан күні Сәтбаев қаласының полиция бөліміне 54 жастағы азаматша хабарласып, осыдан үш күн бұрын белгісіз азаматқа өзінің пәтерін жалға беріп, толық көлемде ақшасын алғанын, алайда, уақыты жеткен соң пәтерін тексеруге барғанда онда ешкім болмағанын және үйде тұрған тоңазытқыштың жоғалғанын көргенін хабарлаған.
Үйінде ұрлық болғанын білген жәбірленуші бірден полицияға хабарласқан.
Келтірілген шығын көлемі 40 мың теңгені құрады.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары жалдамалы пәтерден саусақ іздерін алған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы азаматты ұстады.
Ұсталған азамат ұрланған тоңазытқышты басқа біреуге сатып үлгерген.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188 – бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.