Сәтбаевта жеке үйдің қақпасына оқ атқан жігіт қамауға алынды
Сәтбаевта жеке үйдің қақпасына оқ атқан жігіт қамауға алынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қазан күні сағат 02:40 шамасында Сәтбаев қаласы полиция бөліміне белгісіз біреу жеке тұрғын үйдің темір қақпасына оқ атқаны туралы хабарлама түсті. Бірнеше минуттан кейін оқиға орнына жедел-тергеу тобы келді.
Үйде отағасы – 57 жастағы ер адам, оның 49 жастағы әйелі және екі баласы болғаны белгілі болды. Барлығы ұйықтап жатқан кезде кенеттен оқ атылған. Бейнебақылау камерасын қарап отырып, криминалдық полиция қызметкерлері үйдің жанынан өтіп бара жатқан көлікті анықтады. Жедел-іздестіру кезінде көлікті басқарған 18 жастағы жас жігіт ұсталып, ол мылтықты атқан өзінің 19 жастағы танысы екенін мойындады. Сондай-ақ полицейлер көліктен тегіс ұңғылы мылтықтан кесілген шолақ мылтық тауып, тәркілеген.
– Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында жедел уәкілдер оқ атқан адамның қайда екенін анықтап, полицияға жеткізді. Ұсталған күдікті кінәсін мойындап, жәбірленушімен көрші тұратын қала тұрғынымен араз екенін түсіндірді. Түнгі мезгілде үйлерді шатастырып алған ол, өзге адамның үйінің темір қақпсына оқ атқан,- деп Қарағанды облысының полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин хабарлады.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы (Бұзақылық) және ҚР ҚК-нің 287-бабы (Заңсыз қару алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.