Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Сәттілік жетіспей қалды»: Олимпиада жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев полициядағы жұмысы, спорттық мансабы мен алдағы жоспарлары жайлы айтты

Кәсіпқой боксшы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев жаттығу жұмыстарына оралды. Алдағы күзде спортшы Әлем чемпионатына қатысып, ел намысын қорғайтын болады. Бүгінде Қамшыбектің бокстан бөлек, Қызылорда облыстық полиция департаментінің қызметкері екенін бірі білсе, енді бірі бейхабар. Аға лейтенант жасөспірімдер қылмысымен айналысады. Қола медальдан кейін спортшы уақытынан бұрын кезекті шеңін алуы мүмкін. Бұл туралы спортшы Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

– Қайырлы күн, Қамшыбек. Олимпиададағы жеңісіңізбен құттықтаймыз! Үлкен спортқа қалай келдіңіз? Не себепті таңдау боксқа түсті?

– Қайырлы күн. Құттықтауларыңызға рақмет! Бокс спорттың ерекше күрделі, әрі қызық түрі деп ойлаймын. Мен негізінен бала кезімде футболға қатты қызықтым. Доп теуіп, алаңда жүгірген ұнайтын. Менің алдымдағы екі ағам да бокспен шұғылданды. Осы салада жеткен жетістіктері де аз емес. Үлкен ағам әскерге кетіп бара жатқан кезінде мені бокс үйірмесіне апарды, жұдырықтасып үйренгенімді қалады. Кейін жаттықтырушылар мені жарыстарға қатыстырып, ерекше ілтипат білдірді. Мен де жақсы нәтиже көрсете бастадым. Бокс өзіме ерекше ұнады, рингте мықты атану оңай емес, әрине.

– Токиодағы Олимпиадаға дайындық қалай болды? Қола медалға көңіліңіз толды ма?

– Олимпиадаға дайындық өте қарқынды жүрді. Екі оқу-жаттығу жиыны Алматыда өтті. Физикалық және психикалық тұрғыда әзірленіп бардым. Біздің қазақ елінің тарихында аса ауыр салмақта «Алтын» алған спортшы жоқ. Мен тарих жасағым келген, бірақ өкінішке қарай, көздеген мақсатқа жете алмай қалдық. Қола медаль бұйырып тұр екен. Аллаға шүкір, тәубе деймін. Денсаулық болып жатса, бұл медалмен шектеліп қалмаймын деп ойлаймын. Келешекте Олимп шыңын міндетті түрде бағындырамын.

– Олимпиаданың ашылу салтанатында көк байрағымызды ұстап шықтыңыз. Ерекше толқыныс болған шығар?

– Иә, әрине. Президентіміздің қолынан Туды алып, байрақты мықтап ұстадым. Бұл жағдай мені айрықша жігерлендіріп, жауапкершіліктің салмағын түсіндіргендей болды. Ең бастысы, Туымызды жыққан жоқпыз. Жас спортшыға байрағымызды сеніп тапсырған мемлекет басшысына деген алғысым шексіз.

– 75 мың доллар көлемінде мемлекеттік сыйақыны қайырымдылыққа жұмсауға шешім қабылдаған екенсіз?

– Иә, ол рас. Менің ойымша, кез келген спортшы сыйақы үшін жоғары көрсеткішке жетуге тырыспайды. Ең бастысы, еліміздің намысын абыроймен қорғау ғой. Қола медаль алғаным үшін, 75 мың доллар көлемінде сыйақы табысталды. Бұл қаражатты қайырымдылыққа жұмсағым келеді. Қазіргі қиын кезде бұл қаржы аса мұқтаж жандарға септігін тигізеді деп ойлаймын. Менің жанымдағы чемпиондар да сыйақыны көмекке жұмсамақ.

– Қамшыбек, дегенмен, «Алтын» алуға не кедергі болды?

– Жанкүйерлерімнің көпшілігі менен «Алтын» күткенін жақсы білемін. Дайындығымыз да жақсы болды. Спортта бақ шаба ма, бап шаба ма деген қағида бар. Жеке өзім сәттілік жетіспей қалды деп ойлаймын.

– Спорттан бөлек, құқық қорғау органында жұмыс жасайсыз. Токиодағы жеңісіңізден кейін шеңініз өсуі мүмкін бе?

– Мен қазір Қызылорда облыстық полиция департаментінде жұмыс жасаймын. Жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күрес басқармасының аға лейтенантымын. Жұмысым өзіме ұнайды. Қоғамға пайдамды тигізуге тырысамын. Бұл ретте басшылық тарапынан ұдайы қолдау бар екенін айта кеткен жөн. Егер еліміздің ІІМ шешім қабылдаса, «капитан» шеңін уақытынан бұрын алуым мүмкін. Нақтысы әзірге белгісіз.

– Олимпиада аяқталды, алдағы жоспар қандай?

– Бүгінгі күні денсаулығыма көңіл бөліп жатырмын. Биыл қазан айында Әлем чемпионатында бақ сынап көргім келеді. Жаймендеп дайындық жұмыстарына кірісіп жатырмын. Жаттықтырушылар құптаса, осы жарыста өнер көрсеткім келеді. Әлем чемпионы атану – негізгі мақсат.

– Қамшыбек әңгімеңізге рақмет. Сізге сәттілік тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру