Полицейлер алғысқа бөленді
Кентау қаласының тұрғыны хәл үстінде жатқан әкесіне қолұшын созған Түркістан облысы Полиция департаменті Кентау қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция тобының қызметкерлеріне және Қазақстан Республикасы ІІМ басшылығына бейнеүндеу арқылы алғысын айтып, өз ризашылығын білдірді.
Али Тыняновтың айтуынша, әкесі аяқ астынан сырқаттанып, көз алдында жүрегі ұстап қалған. Али бірден жедел жәрдемге және такси жүргізушілеріне қоңырау шалады. Бірақ уақыт жоғалтпастан, әкесін арқасына салып алып, далаға шығады.
«Шақырған жедел жәрдем де, такси де келер емес. Таңғы сағат 4:00 болатын. Көз алдымда есінен танып қалып, дем шықпай қалған әкем арқамда. Көшеде әкемді көтеріп алып айқайлап жүрсем, патрульдік полиция қызметкерлері жолдарды бақылап кетіп бара жатыр екен. Мені көре салысымен бірден қасыма келді. Екеуі де ешқандай сөз айтпастан әкемді көтеріп алып, қызметтік көліктеріне салды да, ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер әкемнің жағдайының аса ауыр екендігін айтып, жедел түрде ота жасауға кіргізіп алды. Осыдан кейін де полиция қызметкерлері мені жалғыз қалдырмады. Қамқорлықтан білдіріп, әкемнің отасы сәтті аяқталғанша қасымда болды. Сол кезде олармен жөн сұрасып, таныстым. Бұл әрекеттерін өмірбақи ұмытпаспын. Олардың ата-анасына, ұстаздарына, командирлеріне үлкен рахмет. Екі лейтенантқа да айтар алғысым шексіз. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне осындай қызметкерлер үшін көп рахмет!»,- дейді Али.
Алиге дәрігерлер енді бірнеше секундқа кешіккендеріңде әкеңмен мәңгіге қоштасар едің депті. Кентаулық тұрғын ішкі істер органдарының қатарында полиция лейтенанттары Инкарбеков Тимур Жұмабекұлы мен Абенов Сәкен Қалдыкөзұлы секілді қамқор полицейлердің қызмет атқарып жүргеніне дән риза.