Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Саяси репрессияға ұшыраған ҚАЖ қызметкерінің атасы

Алматы облысы бойынша ҚАЖ Департаментінің қызметкері Динара Манапқызы атасы, ағартушы, ұстаз – Сәдуақас Тұрсабекұлы бұрынғы Семей облысында дүниеге келген, саяси репрессияға ұшыраған атасы туралы естеліктермен бөлісті, – деп хабарлайды Polisia.kz.


Сәдуқас Тұрсабекұлы бұрынғы Алматы облысының Сергиполь, Лепсі уездерінде оқып, арабша білім алған. Жиырмасыншы жылдардың орта тұсында Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық техникумында оқыған. Отызыншы жылдарда жүргізілген сталиндік теріс саясат бойынша Қазақстанда көзі ашық, көкірегі ояу сауатты азаматтардың дені “халық жауы” аталып, ұсталып кетті. Сол кезде Егінсу ауылында мектеп директоры болған Сәдуақас Тұрсабекұлы да саяси репрессияға ұшырады. 1937 жылдың сәуірінде жазықсыз жала тағылып, үштік комиссияның жедел шешімімен “халық жауы” ретінде 10 жылға темір торға қамалды. Сол кеткеннен қайтып оралмады.
Артында бес баласы, жары, сексендегі шешесі қалды. Сол жылдары әйгілі революционер, атақты ақын, жазушы, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллинмен дос болған. Кейін заман өзгеріп, репрессияға ұшыраған боздақтардың алғашқы бір легі ақталды. Семей облыстық сотының президиумы өзінің 1966 жылғы 11 мамырдағы қаулысымен Сәдуақас Тұрсабекұлы атамызды да ақтап шықты.

– “Өмір бар жерде өлім бар, өзгеру бар, өлмес жоқ, сынбас темір жоқ, бәрі де өледі, өзгереді, ұмыт болады, тек мәңгілік өлмейтін, ұмытылмайтын нәрсе – адамның өміріндегі игілікті істің нәтижесі” – деп Қорқыт ата айтпақшы, қазіргі кезде Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Айтбай ауылында өткен ғасырдың басында өзі ашқан орта мектеп Сәдуақас Тұрсабекұлының есімімен аталады. Ескендір Зұлқарнайын: “Даңқ пен абыройға кенелуіме мен бір адамға қарыздармын, ол – ұстазым Аристотель” десе, Абылайхан ұстазым Төле би деп, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп шексіз құрметтеген. Біз, Сәдуақас атамыздың ұрпақтары: “Біздің атамыз – ұстаз” деп мақтан етеміз, – дейді Динара Манапқызы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру