Саяжайдағы қауіпсіздік: Петропавлда ұрлықтың алдын алу шаралары талқыланды
Петропавлда ұрлықтың алдын алу шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің айтуынша, соңғы уақытта саяжайларда ұзақ уақыт болатын тұрғындардың саны азайған. Осыған байланысты саяжай учаскелерінде ұрлық жасау қаупі артып отыр.
Жыл басынан бері Петропавл қаласындағы саяжай қоғамдарында 15 ұрлық дерегі тіркелген. Оның 14-і ашылған. Ұрлықтардың басым бөлігі бірнеше рет қылмыс жасаған адамдарға қатысты болған.
Осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен жеті қала тұрғыны ұсталды.

Саяжай иелерінің мүлкін қорғау және қоғамдық қауіпсіздікке қатысты басқа да мәселелерді полицейлер саяжай қоғамдарының төрағаларымен талқылады. Кездесуге Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов төрағалық етті.
Полиция қызметтерінің басшылары интернет-алаяқтық пен есірткі қылмыстарының алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін де қозғады. Негізгі тақырып бөтен мүліктің ұрлануына жол бермеу болды.
Полицейлер төрағаларға түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саяжай қоғамдарының техникалық қауіпсіздігін арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Саяжай аумақтарындағы күзетшілер мен басқарма мүшелері ғана емес, саяжай иелерінің өздері де бөгде адамдардың, бейтаныс көліктердің пайда болғаны туралы полицияға жедел хабарлауы маңызды.

Департаментке келген қонақтар саяжай қоғамдарының аумағында және оған іргелес жолдарда қозғалыс қауіпсіздігін ұйымдастыру мәселелері бойынша да сұрақтар қойып, жол белгілерін орнатуды сұрады. Барлық ұсынысты бейінді қызметтер мұқият қарайды.
