Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семей қаласының әкімі учаскелік полиция инспекторын арнайы төсбелгімен марапаттады

Семей қаласының әкімі учаскелік полиция инспекторын арнайы төсбелгімен марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Елге қызмет» – учаскелік полиция инспекторларының қызметі осылай аталады. Өйткені, оларға халық арасында құқық бұзушылықтың алдын алуды қамтамасыз етуде аса маңызды рөл берілген. Мемлекет басшысы еліміздің учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін заң жүзінде көтеруді тапсырып, оларды құқық бұзушылықтың алдын алудың негізгі фигурасы, сондай-ақ полицияның ұлттық сервистік моделінің негізгі кілті ретінде белгіледі.

Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов Затон полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Дулат Абдрахмановтың елеулі еңбегін назардан тыс қалдырмай, оған «Қалаға қосқан үлесі үшін» мәртебелі төсбелгісін табыс етті.

Полицей Дулат Абрахманов ішкі істер органдарында 2010 жылдан бері қызмет етіп келеді. Алғашқы еңбек жолын патрульдік полиция батальонының инспекторы қызметінен бастаған. 2019 жылы Затон полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалып, қазіргі күнге дейін сол жерде жұмыс істейді.

Азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қылмыстық қол сұғушылықтардан қорғау, профилактикалық есепке алуды жүргізу және профилактикалық бақылауды жүзеге асыру, құзыреті шегінде азаматтарға құқықтық, әлеуметтік және өзге де көмек көрсету, сеніп тапсырылған әкімшілік учаскеде құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу – учаскелік инспектор жүзеге асыратын міндеттердің аз ғана бөлігі.

Дулат Абдрахманов күн сайын өз ауданының тұрғындарымен тікелей байланыста болып, аумағында 12 мыңнан астам адам тұратын Қарағайлы шағын ауданында қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз етеді. Ол өзінің тікелей қызметтік міндеттерін атқарумен қатар, өзінің әкімшілік учаскесінің қарт тұрғындары мен балаларына ерекше назар аударып, оларға қолынан келгенше көмегін көрсетіп жүр.

Сондай-ақ, Жаңа жыл қарсаңында учаскелік инспектор көпбалалы отбасылардың балалары үшін балалар ойын алаңында шағын мереке ұйымдастырып, ол жерде ойындардан басқа балаларды дәмді тағамдар мен жаңа жылдық сыйлықтармен қуантты.

– Қызметтің ауыртпалығына қарамастан, учаскелік полиция инспекторы болып жұмыс істеу мен үшін құрмет, – деп атап өтті Дулат Абдрахманов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру