Семейде есірткілік масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды
Семейде есірткілік масаң күйде көлік тізгіндеген жүргізуші ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 сәуір күні түнгі уақытта Семейдегі көшелердің бірінде, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша рейдтік іс-шараларды өткізу кезінде патрульдік полиция батальоны инспекторларының назарына ВАЗ-2114 автокөлігі түскен.
Патрульдік автокөлікті көргеннен соң, жылдамдықты күрт төмендетіп, жолдан бұрылмақ болған жүргізушінің оғаш әрекеті тәртіп сақшыларының назарын аударған. Патрульдік көлік жақындағанын көрген жүргізуші жылдамдықты күрт арттырып, жасырынуға тырысқан. Көлікті қуу нәтижесінде заң бұзушы тоқтатылды. Сондай-ақ өткен жылдың басында жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін 7 жыл мерзімге жүргізуші кәулігінінен айырылғаны анықталды.
Масаңдық белгілерін байқаған тәртіп сақшылары, жүргізушіні көлік құралын басқарудан шеттетіп, оған медициналық тексеруге жеткізген. Сараптама қорытындысына сәйкес, жүргізуші жеңіл дәрежелі есірткіге масаң күйде болған.
Қазіргі уақытта аталған дерек ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша (Басқару құқығынан айырылған адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.