Шахтинск қаласында зейнеткердің 340 мың теңгесі қолды болған
Шахтинск қаласында үй шаруашылығына көмектесіп жүрген әйел зейнеткердің 340 мың теңгесін қолды еткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 ақпан күні Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөліміне қалаға қарасты ауылдардың бірінің 64 жастағы тұрғыны шағымданды. Зейнеткер полиция қызметкерлеріне белгісіз біреудің өзінің банк карточкасынан 340 мың теңге ақшасын шешіп алғанын айтқан.
Мән-жайды анықтау барысында банк карточкасы зейнеткердің өзінде болғаны, зейнеткердің ақшаның жоғалғанын кезекті ақша шешуге барғанда бірақ білгені, жәбірленушіге анда-санда бір әйелдің үйін жинап, дүкеннен азық-түлік әкеліп беріп жүргені белгілі болды.
Алайда аталған азаматшаның әуелден жымысқы ойы болған. Ол үйге келіп жүргенде еркін қол жеткізу арқылы банк карточкасын алып, ішіндегі ақшасын шешіп алып, кейін оны орнына әкеліп қойған.
Полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар деген күдікпен 48 жастағы азаматшаны ұстады. Ол қылмысын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.