Шахтинскіде полиция қызметкерлері қызыл жалыннан ер адамды құтқарды
Шахтинскіде полиция қызметкерлері қызыл жалыннан ер адамды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 ақпаннан 27 ақпанға қараған түні Шахтинск қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне Станционный көшесінің бойында гараждан өрт шыққаны туралы қоңырау түсті.
– Өрт шыққаны туралы ақпарат түскенде біз өзімізге жүктелген аумақта қызмет атқарып жүргенбіз. Арада екі-үш минут ішінде оқиға орнына бардық. Сол уақытта өрт шыққан жерге тағы да бір патрульдік экипаж келді. Инспекторлар Фархат Байжанов пен Тимур Тлеужанов гаражға қарай жүретін жол тар болғандықтан, жедел жәрдем көлігінің келуіне кедергі болмау үшін жолды жапты. Ал мен әріптесім Дулат Ситахметовпен қою түтін шыққан гаражға қарай жүгірдім. Гаражға кіретін есік жабық болды, ішіне ену оңай болмады. Есікті сындыруға тырысып жатқанымызда өрт сөндірушілер келді. Содан кейін олар есікті ломмен сындырып ашты. Сол кезде жерде жатқан адамды көрдік. Дулат екеуміз оны далаға алып шығып, қырынан жатқызып, бетін қармен сүрттік. Алып шыққан адам қозғала бастағанда, көңіліміз орнына түсті, – дейді Шахтинск қалалық полиция бөлімі, патрульдік полиция взводының инспекторы Санжар Ильяс.
Полиция қызметкерлері құтқарған адамды жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды. Азамат күйік шалудан еман, алайда түтіннен есінен танып қалған. Қазіргі уақытта оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Полиция қызметкерлері өрт сөндірушілердің дер кезінде әрекет етуінің арқасында Шахтинск қаласының 43 жастағы тұрғынын ажалдан аман алып қалды.
Алдын ала болжам бойынша қала тұрғыны кешкі уақытта автокөлік, газ жылытпасы және газ баллоны бар гаражда қалған. Ол газ жылытпасын қосып, кейін оны құлатып алған. Өрт шыққан уақытта ол есікке қарай жетіп, кейін иіс тигеннен есінен танып қалған. Өрттің шыққанын сол гаражға жақын жерде орналасқан көлік жөндеу орнының жұмыскерлері көріп, полицияға қоңырау шалған.