Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да абаттандыру қағидаларын бұзудың 9 мыңнан астам дерегі тіркелді

ШҚО-да 9 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Тазалықты сақтау және абаттандыру қағидаларын орындау – тек көрікті орта қалыптастырудың ғана емес, елді мекендерді күтіп-ұстаудың да маңызды талабы. Қоқысты белгіленбеген жерге тастау, қоғамдық орындарды ластау және аумақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстамау заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартуға негіз болады.

Шығыс Қазақстан облысында абаттандыру қағидаларының сақталуына бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп, құқық бұзушылықтарды анықтау, рейдтік тексерулер жүргізу және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмыстарын атқаруда. Бұл бағыттағы шаралар "Таза Қазақстан" акциясы аясында және "Заң мен тәртіп" қағидатына сәйкес жүзеге асырылуда.

Жыл басынан бері өңірде 9 023 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 7 571-і абаттандыру қағидаларын бұзу, ал 1 452-сі қоғамдық орындарды ластау деректеріне қатысты.

Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін анықтауға және жоюға ерекше назар аударылуда. Есепті кезеңде 214 заңсыз қоқыс орны анықталып, оның 196-сы жойылды. Қалған аумақтарды тазарту жұмыстары жалғасуда.

Бұдан бөлек, абаттандыру саласындағы құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғаларға 115 ұйғарым жолданды.

ШҚО полиция департаменті абаттандыру қағидаларын бұзу деректерін анықтау және олардың алдын алу жұмыстарын жалғастыруда. Тазалық талаптарын сақтау – әр азаматтың міндеті. Бұл үй маңындағы аумақтарға, көшелер мен қоғамдық орындарға да қатысты.

Көшеге тасталған қоқыс, белгіленбеген жерге төгілген қалдықтар мен заңсыз қоқыс үйінділері күнделікті өмірдің қалыпты көрінісіне айналмауы тиіс. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру