ШҚО-да косметика дүкендерінен ұрлық жасаған күдіктілер ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері облыс орталығындағы косметика дүкендерінде жасалған екі ұрлық дерегін ашты. Келтірілген жалпы материалдық шығын көлемі шамамен 100 мың теңгені құрады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға сауда орындарының бірінің өкілі тауарлардың жоғалғаны туралы арызбен жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 31 жастағы ер адамның қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Тергеу мәліметінше, күдікті сауда залында тауарлардың еркін қолжетімділігін пайдаланып, күтім жасауға арналған бірнеше косметикалық өнімді жасырын түрде ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 46 мың теңгеден асты.
Сол күні осыған ұқсас тағы бір ұрлық дерегі тіркелді. Полицейлер жүргізген жедел шаралардың нәтижесінде Өскемен қаласының 38 жастағы тұрғынының дүкен сөресінен бірнеше косметикалық өнімді ұрлағаны анықталды. Бұл жағдайда келтірілген материалдық шығын 48 мың теңгеге бағаланды.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді. Мұндай құқыққа қайшы әрекеттер үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілік көзделген.
