ШҚО-да полицияға мобильдік қосымша арқылы 370-тен астам өтініш келіп түсті
ШҚО-да полицияға “Police 102” мобильдік қосымшасы арқылы 370-тен астам өтініш келіп түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың ақпан айында еліміздің барлық аумағында “102” қызметінің мобильді қосымшасы іске қосылды. Ол арқылы оқиға орнынан хабарламалар, фотосуреттер және видеолар жіберуге болады. Сондай-ақ бейнеқоңыраулар/аудиоқоңырау жасау мүмкіндігі бар, онда оператормен қосылу кезінде геолокация автоматты түрде қосылады және өтініш берушінің деректері көрсетіледі, бұл уақытты үнемдеуге және жақын жердегі патрульдік экипажды оқиға орнына жылдам жіберуге мүмкіндік береді.
Осы қосымшаның қолданылуынан бастап ШҚО полициясына 377 өтініш келіп түсті, оның 177-і мәтіндік форматта, 170-і аудиожазба бойынша және 30-ы бейне қоңырау бойынша. Барлық іс бойынша тиісті ден қою шаралары қабылданды.
Осы қосымшаны пайдалану халықтың қорғалу деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ хабарламалар online режимінде қабылданатындықтан, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға ықпал етеді.
Бұл бағдарламаны Android жүйесіндегі смартфондарға арналған “Play Market” қосымшасы арқылы және IOS жүйесіндегі смартфондарға арналған App Store қосымшасы арқылы орнату өте қарапайым. Экранның жұмыс тақтасында ”102” белгішесі пайда болады. Пайдаланушы өз атымен тіркеледі және өзінің жеке басын қол жетімді тәсілдермен растайды (электрондық пошта, телефон нөмірі).