ШҚО-да ҚАЖ қызметкерлері мүгедек зейнеткерге көмек көрсетті
ШҚО-да ҚАЖ қызметкерлері мүгедек зейнеткерге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында қатаң режимді колония қызметкерлері ҚАЖ-нің мүгедек зейнеткеріне көмек көрсетті.
Күздің қар ұшқындаған қара суығының түсуімен ОВ-156/14 мекеме қызметкерлері, өздерінің қамқорлығына алып, жүйелі түрде көмек көрсетіп отыратын зейнеткерлер қатарынан, бүгін Семей қаласының тұрғыны, 25 жылдан астам уақыт құқық қорғау органдарында қызмет атқарған Бауыржан Асқарұлына қол ұшын беруді жөн көрді. ОВ-156/14 мекемесінің қызметкерлері екінші топтың мүгедегі Бауыржан Асқарұлының жағдайы төмендеп кеткенін байқаған қызметкерлер, оның үй-жайы мен қора-жайын жинап қайтты. Жұмыс аяқталғанда қызметкерлерге ең үлкен алғыс – қарттың езу тартқан жүзі болды.
– Самат Зарыкканович басқарып отырған мекеме қызметкерлеріне алғысым шексіз. Біздің тыныштығымызды күзетіп қана қоймай, өз балаларымдай құрметпен жанашырлықпен қарайласқандарына дән ризамын. Раиса өмірде болса, ендігі шайын дайындап жүрер еді ғой, – деп зейнеткер Бауыржан Асқарұлы езу тартып қойды.
– Қарты бар үйдің қазынасы бар дегендей алғыс алу мақсатымыз болмаса да, өз ісімізбен қоғамды қайырымдылыққа жетелейміз деген ойымыз кеудемізде екендігін айтқым келеді. Біздің қамқорлығымызға бөленген қарттар, қызметкерлерге Отанға, халыққа деген қызметте лайықты үлгі болады деп санаймын. Бауыржан Аскарұлына былтыр екі жылдық отынын түсіріп, отап берген едік, биыл міне қызметкерлер үй-жайы мен қора-маңын жинап қайтты, – дейді мекеме бастығы Самат Ахмеджанов.