Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО-да ҚАЖД қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы дәріс оқылды

Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің базасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тақырыбында кездесу ұйымдастырылды, –   деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында «Қазақстандық құқықтық ынтымақтастықтың халықаралық қоры» қоғамдық қорының өкілдері департамент қызметкерлеріне «Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негіздері» тақырыбында дәріс оқыды.

Дәріс оқыған заң ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының қызметі жөніндегі Қоғамдық кеңестің мүшесі Қуат Рахымбердин болды. Ол сыбайлас жемқорлық қылмыстарының себептері мен түрлерін, сондай-ақ Қазақстанның сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіне әсер ететін көрсеткіштерін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар соңғы 10 жылдағы статистикалық деректерді келтіре отырып, еліміздегі сыбайлас жемқорлықты алдын алу және жою шаралары туралы нақты ұсыныстар айтты.

Кездесу соңында қатысушылар арасында викторина өткізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Қызметкерлер бұл шараны пайдалы деп бағалап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте тек құқық қорғау органдарының ғана емес, азаматтық қоғамның да белсенділігі қажет екенін атап өтті.

Іс-шара Өскемен қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет пен сананы дамыту бойынша кешенді шараларды өткізу» атты әлеуметтік жоба аясында ұйымдастырылды.

Кездесу соңында Қуат Рахымбердин қатысушыларға «Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасындағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою механизміндегі Нельсон Мандела ережелерін енгізудің рөлі» атты монографиясын таныстырды.

– Бұл монография қылмыстық жазаларды орындау барысында туындайтын заңнамалық мәселелерді шешуде маңызды құрал бола алады. Құжаттың мазмұнын сабақ барысында егжей-тегжейлі талқылайтын боламыз, – деп қорытындылады Шығыс Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының басшысы Дастан Жапалов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру