ШҚО-ның түзеу мекемесінде жаңа кәсіпорын ашылды
ШҚО-ның түзеу мекемесінде жаңа кәсіпорын ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласында қатаң режимді колонияда ОВ 156/14 асты дәмдеу үшін қосылатын микрокөктердің түрлі-түрлісін өсіретін жаңа кәсіпорын ашылды. Сотталғандардың қолымен өсірілген асқа қосатын дәмдеуіштер, кәсіпорынның ашылғанына аз уақыт өткеніне қарамастан нарықта үлкен сұранысқа ие.
Бұнда қазіргі уақытта үш жазасын өтеушілер тұрақты жұмыспен қамтылып, табыс тауып, өз қажеттіліктерін қанағаттандырып, отбасыларына көмек беріп отыр.
– Қазір негізінен кресс-салат, сарымсақ, дайкон, ақжелкен, брокколи, кинза, аскөк өсіріп жатырмыз. Оларды салатқа, көжеге, коктейльге, смузиге және де басқа тамақтар мен сусындарға қосып пайдалануға болады. Дәрумендерге бай мұндай тағамдарды пайдалану перспективті болғандықтан, оған сұраныс та артуда. Әдетте, дәнді сепкеннен, жемісті жинау аралығында 5-12 күн қажет. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған, қажетті жабдықтар да бар. Жұмыспен қамтылған адамға бұл жерде уақыт жылдам өтеді. Маған керегі де сол, тезірек мені тосқан жандардың қасына оралу, – дейді сотталған Н.
– Қазіргі таңда колонияда жұмыспен қамтылған 236 адам, барлық сотталғанның 87 пайызын құрайды. Түзеу мекемесінде кәсіпорындар ашуға ниетті кәсіпкерлер саны артып келеді. Мекемеде шетелге шығарылып отырған есік жасайтын, пластикалық терезе, үй жиһазын, көшеге қойылатын темірден соғылған әшекей бұйымдар жасайтын, барлығы 15 кәсіпорын жұмыс жасайды. Сондай-ақ, мұнда тауық, бөдене, жеміс-жидектер өсіріледі. Міне енді шаруа микрокөктерге де келіп жетті. Тұрақты жұмыспен қамтылған сотталған бұл қоғамға қайта тәрбиеленіп, түзетілген адамды қайтару кепілі деуге болады, – дейді ОВ 156/14 мекеме бастығы Самат Ахмеджанов.
Айта кетейік, микрокөктерден басқа мекемеде үш жылдан астам уақыт қысы-жазы көкеністер өсіріліп келеді. Өз қолдарымен өсірілген жемістерді жазасын өтеушілер жетім балалар мен онкология ауруына шалдыққандарға жолдап отырады.