ШҚО полицейлері компаниядан 23 тоннадан астам тұз қышқылын тәркіледі
ШҚО полицейлері компаниядан 23 тоннадан астам тұз қышқылын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысының аумағында 5-9 қыркүйек аралығында медициналық мекемелерде есірткі құралдарының заңды айналымы саласындағы құқық бұзушылықтарды анықтауға, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты қылмыстың басқа да түрлерінің жолын кесуге бағытталған «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
ШҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген жұмыс нәтижесінде 2 қылмыс анықталды, 3 теріс қылық құжатталды және есірткі құралдарының айналымына байланысты 3 әкімшілік хаттама толтырылды.
Заңсыз айналымнан 7,412 гр есірткі және психотроптық заттар, 24 тонна 148 келі прекурсорлар тәркіленді.
Медициналық қызметкерлер де жауапкершілікке тартылды, олардың бірі Алтай ауданындағы 59 жастағы фармацевт опиоидты синтетикалық анальгетикті рецепсіз сатқан.
Қаскөйге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
Осыған ұқсас Өскемен қаласы дәріханаларының бірінде седативті препаратты заңсыз сатқан 35 жастағы жұмыскер тіркелді.
Есірткі құралдары, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайларды пайдалану қағидаларын бұзушылықтар анықталған облыстың ұйымдары да назардан тыс қалған жоқ.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Глубокое ауданының ЖШС директоры жасаған бұзушылықтарды тіркеді. ЖШС қызметкерлері есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзушылықтары анықталды. Полицейлер компаниядан 23 тонна 141 кг тұз қышқылын тәркілеген. ҚР ІІМ-нің №344 бұйрығын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 427-бабы 1-бөлігі бойынша жазаға тартылатын болады.