ШҚО тергеу изоляторының ақпараты заңсыз айналымнан 15 дана оқ-дәрі алуға көмектесті
Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖД тергеу изоляторының жедел ақпараты заңсыз айналымнан 15 дана оқ-дәрі алуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында тергеу изоляторында қамауда отырған азаматтан оның бостандықта жүрген кезінде атыс қаруына арналған оқ-дәріні заңсыз сақтағаны және оны белгілі бір жерде жасырып қойғаны туралы ақпарат алынды.
Оқ-дәрі жасырылған орын туралы ақпарат өзара іс-қимыл жасасу шеңберінде тексеру үшін Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасына жолданған.
Полиция қызметкерлері өткізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел ақпаратта көрсетілген орыннан 7,62 калибрлі 15 дана оқ тәркіленген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабының 3-бөлігімен (Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) қылмыстық іс қозғалды.