Шығыс Қазақстан облысында полицейлер қатты боранда адасып кеткен павлодарлықтарды құтқарды
Шығыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары қатты боранда адасып кеткен Павлодар қаласының тұрғындарын құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 наурызда Абай аудандық полиция бөлімінің «102» жедел каналына қарлы боранда екі отбасының адасып кеткені жайлы хабарлама түскен.
Хабар түсісімен жедел уәкіл Бектұрсын Тұрарбеков және Кадр саясаты тобының инспекторы Руслан Мейрамғалиев шұғыл-іздестіру жұмыстарына кіріскен.
Полицейлер оқиға орнына қызметтік автокөлікпен шығып, іздестіру жұмыстарын дұрыс ұйымдастыруының нәтижесінде адасқан тұлғаларды үш сағат ішінде тапқан. Олар Павлодар қаласының тұрғындары екені белгілі болды. Көлікте екі отбасы: екі ер адам, екі әйел және төрт бала болған. Олар ШҚО Абай ауданының аумағында орналасқан «Қоңыр әулие» үңгіріне киелі тарихи жерге бара жатып, жолда адасып, көліктері қарға батып және сынып жолда қалғаны анықталды.
Полицейлер туристтерге көмек көрсетіп, көліктерін батқан қардан шығарып, аудан орталығына жеткізіп, тамақтандырып, жатын орынға орналастырған.
Өз кезегінде Павлодар облысының тұрғындары Абай АПБ қызметкерлеріне алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.