Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шығыс Қазақстан облысындағы түрме қызметкерлері анасы мен сотталған балаларының кездесуіне ықпал етті

Шығыс Қазақстан облысы Қылмыстық – атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері түрмеде отырған екі ұлын сағынған анаға көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысында орналасқан  ОВ -156/15 мекемесінде ағайынды екі жігіт жазаларын өтеп жатыр, олар 11 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған және аталған мекемеге 2016 жылы ауыстырылған.

Екі бірдей ұлы сотталып кеткеннен кейін олардың  анасы ақша тапшылығына ұшыраған, соның салдарынан үйін сатып, баспанасыз қалған ол қазіргі таңда Алматы қаласында моншада тұруға мәжбүр.

Бірнеше жылдан бері көп қиындықты басынан өткерген сотталғандардың анасы осыдан бірнеше ай бұрын 31 арнадағы » Кел, татуласайық!» бағдарламасына келіп, жағдайын баяндап берген.

Жүрегі қан жылаған ананың бастан кешкен оқиғаларын талқылаған 31 арна тілшілері балаларын сағынған ананың мауқын басу үшін Шығыс Қазақстан облысы Қылмыстық – атқару жүйесі департаментінің басшылығына жалғызбасты ананы екі ұлымен кездестіруге көмектесуді сұраған.

ҚАЖД қызметкерлері анасы мен балаларының кездесуіне көмегін тигізді.

«Қос құлынымды көріп, сағынышымды бастым. Балаларымды қатты сағындым. Өзім жемей солар жесін деп, дәмді тағамдардың бәрін апардым. Тағдырдың жазуымен екі ұлымның темір тордың арғы жағында отырғанына 6 жыл болды. Ұлдарым қасымда болмағандықтан басымнан көптеген қиындықтар өтті. Әрдайым жанымда жүріп, көмектерін аямайтын ұлдарым болмаған соң маған өте қиын болды. Қазір моншада тұрамын. Ұлдарым мама аз қалды, бәрі жақсы болады  деп мені жұбатып қояды. Осы 6 жыл ішінде ұлдарым түрмеде жұмыс істеп, маған ақша аударып тұрды. Түрмеде отырса да мені уайындап отырады. Маған қол ұшын беріп, көмектерін аямаған қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлеріне алғысым шексіз», – деді  Хадиша апай.

«Бауырым екеміздің түрмеде отырғанымызға 6 жыл болды. Түрмеде сотталғандарға жұмыс ұсынатын кәсіпкерлер бар. Бала кезімізден кез – келген жұмысты істеп үйренгенбіз. Түрмеде тұрақты жұмысымыз бар. Айлықтарымыз да жақсы. Негізі анамызбен кездесіп тұру үшін тұрғылықты мекен – жайымыз бойынша өтініш жазып, ауыссақ та болушы еді. Бірақ ол жақта жұмыс жоқ. Сол үшін бауырымыз екеуміз осында жұмысымызды жалғастырып, анамызға аз да болса ақшамызды аударып тұрайық деп шештік. Айлығымыздың біреуін анамызға жіберсек, екіншісін өз қажеттіліктерімізге жұмсаймыз», – деді сотталған ағайындылардың үлкені.

Жауап қалдыру