Шымкент полицейлері газға уланып қалған анасы мен 4 жасар қызды құтқарды
Шымкент полицейлері газға уланып қалған анасы мен 4 жасар қызды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 14 сәуір күні сағат 12:05 шамасында орын алды. Шымкент қаласы Абай АПБ-на «102» нөмірі арқылы жедел жәрдем қызметкерлері хабарласып, көмек сұрады. Онда «103» нөміріне шақырту түскен пәтерге келгенімен есікті ешкім ашпағанын, алайда іштен кішкентай баланың ыңырсыған даусы естілетінін жеткізді. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері мән-жайды анықтап, пәтер ішінде кішкентай баланың бар екенін байқайды.
Тәртіп сақшылары еш ойланбастан жедел әрекетке көшті. Полиция лейтенанты Қайсарбек Қалдарбек пәтердің терезесін сындырып, ішке кіріп, есікті ашқан. Ал полиция капитаны Наурызбай Турлыбаев ыңырсып жатқан 4 жасар қызды көтеріп, далаға шығарған. Өз кезегінде Сапарбек Кошербаев ес-түссіз жатқан әйелді бір қырымен жатқызып, аяқ-қолын созып, медицина қызметкерлерімен алғашқы көмек көрсеткен.
Қазіргі таңда ана мен баланың жағдайы жақсы. Ауруханадан шыққан сәтте Ақерке Абенова қызы екеуінің өмірін сақтап қалған полиция қызметкерлеріне алғыс хатын жолдады.
– Шамамен осыдан 10 күн бұрын өзімді жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақырдым. Жанымда 4 жасар қызым болды. Бірақ көп ұзамай есімнен танып қалыппын. Жедел жәрдем қызметкерлері келгенде, есік іштен құлыптаулы еді. Кішкентайымның ыңырсыған даусын естіп, медбикелер көмекке полиция қызметкерлерін шақырған. Олар жедел жетіп, терезені сындырып, үйге кірмегенде, мен мына алғысымды қағазға түсірмес те едім. Бұл жағдай орын алғанда жұбайым іс-сапармен Нұр-Сұлтаннан қайтып келе жатқан. Көршілер мән-жайды жеткізген соң, ол сол күні кешке қалаға келді. Біздің екі ұл, жалғыз қызымыз бар. Үлкендеріміз ер жетіп, отбасылы болды. Ал әкесі екеуміз осы кішкентайдың тілеуін тілеп отырмыз. Сондықтан отбасымыздың екі бірдей мүшесін ажалдан арашалап қалған Абай АПБ-ның қызметкерлері полиция лейтенанты Қайсарбек Қалдарбек, полиция капитаны Наурызбай Турлыбаев мен Сапарбек Кошербаевқа айтар алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны.
– Бұл – біздің азаматтар алдындағы міндетіміз. Біздің орнымызда басқа әріптестеріміз болса да, дәл осылай көмектесуші еді. Себебі адам өмірін сақтап қалу үшін тәуекелге бару қажет болған жағдайда, ол қадамды ойланбай жасауға дайынбыз, – деді.