Шымкент тұрғыны ойын приставкаларын жалға алып, ломбардқа өткізіп жіберген
Шымкент тұрғыны ойын приставкаларын жалға алып, ломбардқа өткізіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын алаяқтық жайты туралы арызданды. Тұрғынның айтуынша, ғаламторда орналастырған хабарламасы арқылы бейтаныс азамат одан ойын приставкасын бір тәулікке жалға алған. Келесі күні жалдау уақыты біткен соң, ер азамат байланысқа шықпай қойған және алған затын қайтармаған.
Дәл осыған ұқсас арыз-шағымымен бірнеше күннен кейін тағы бір қала тұрғыны полицияға жүгінді. Жәбірленушілерге келтірілген залалдың жалпы сомасы 1,2 млн теңгені құрады.
Полицейлер 190-бабы (Бірнеше рет жасалған алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Тәртіп сақшылары алаяқтық жасаған адамды анықтау үшін бірқатар іс-шаралар жүргізді. Оның жәбірленушілермен кездескен жерлерін, сол жерлерге жақын орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, куәгер болуы мүмкін барлық тұлғалардан жауап алды. Нәтижесінде криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ол ойын приставкаларын ломбардқа өткізіп жібергені белгілі болды.
Тергеушілер істі айыптау актісімен сотқа жолдады.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекске сәйкес аталған қылмысты жасау мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.