Шымкентте әйелді пышақтап өлтірген екі жігіт ұсталды
Шымкентте әйелді пышақтап өлтірген екі Түркістан облысының тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
17 қаңтарда Абай ауданының Полиция басқармасына «1 мамыр» көшесі бойында орналасқан үйлердің бірінің пәтерінен қыздың мәйіті табылғаны туралы хабарлама түсті.
Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы мәйіттің 28 жастағы әйелге тиесілі екенін анықтады. Мәйітті қарау кезінде пышақ жарақаттары анықталды.
Аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Іс бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Жедел-іздестіру шаралары барысында 18 және 19 жастағы Түркістан облысының тұрғындары анықталып, ұсталды.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта жайт бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.