Шымкентте бейнебақылау камераларының көмегімен ауыр қылмыстар ашылды
Шымкентте 2020 жылы полиция қызметкерлері камералардың көмегімен 284 қылмысты, оның ішінде тонау мен кісі өлтіру сияқты ауыр қылмыстарды ашты. Бейнебақылау камераларының тиімділігі және көше қауіпсіздігін жақсарту мəселелері Polisia.kz бағдарламасының кезекті шығарылымында айтылды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 2021 жылды құқық бұзушылықтардың алдын алу және «қадамдық қолжетімділіктегі полиция» қағидатын жүзеге асыру жылы деп жариялады. Қойылған міндеттерді орындау бойынша жұмыстар басталды. Шымкентте қабылданып жатқан жедел алдын алу шаралары қоғамдық орындарда жасалған қылмыстардың санын 30,2%-ға, қала көшелерінде жасалған қылмыстардың санын 23,7%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
Соңғы үш жылда мегаполисте көше қауіпсіздігін жақсарту бойынша жұмыстың жаңа әдістері енгізілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қоғамдық орындарда қарақшылық 16,7%-ға, тонау 55,9%-ға, ұрлық 48,8%-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 16%-ға азайды.
Қазіргі уақытта қаланың көше қиылыстарында, тұрғын үйлердің аулаларында 479 бейнекамера орнатылған. Тәулік бойы бейнебақылау камераларымен жабдықталған 15 стационарлық бекет жұмыс істейді. Мұндай бекеттердің қызметкерлері 57 қылмыс пен 10 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев полицияның қолжетімді әрі сервистік қызмет көрсетуі тиіс екенін айтты. ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев 2021 жылды профилактика жылы деп жариялады. Соның негізінде біз қала бойынша халықпен кездесулер ұйымдастырдық. Сонымен қатар, қалалық әкімдікпен бірге 100 «дабыл түймесі» бағанасын орнатуға келістік. Осы құрылғылардың батырмасын басу арқылы тұрғындар қылмыстар туралы хабарлай алады немесе полицейлерден көмек сұрай алады, – деді Шымкент қаласы ПД бастығы Ералы Жұмаханбетов.
Департамент басшысы 2021 жылдың 5 қаңтарынан бастап 14 көшеде «Сергек» жүйесі жұмыс істейтінін атап өтті. Жүйе жылдамдық режимін бақылайды. «Сергек» жүйесі жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға ықпал етеді. Ағымдағы жылдың наурыз айына дейін қалада осы жүйені 320 жерге орнату жоспарлануда.