Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте полиция қызметкерлері үшін гарнизондық жиын өтті

Шымкентте полиция қызметкерлері үшін гарнизондық жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетовтың бастамасымен “Наурыз” алаңында арнайы гарнизондық қызметке тарату жиыны өтті.

Департаменттің жеке құрамы мен аудандық басқарма басшылары және қызметкерлері белгіленген орынға жиналып, сап түзеді. Мемлекеттік әнұранды шырқап, саптық байқаудың элементтерін бұлжытпай орындады.

Гарнизондық қызметке тарату жиынына миллионды қала – Шымкенттің тәулік ішіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етуші мыңға жуық полицей қатысты. Оның ішінде төрт аудандық басқарма және оның басшылары, ЖПҚБ патрульдік полиция полкі, учаскелік полиция инспекторлары мен Күзет басқармасының, Ұлттық Ұланның және Жедел қимылдайтын арнайы жасақ пен кинологияның қызметкерлері бар.

Ауқымы кең іс-шараға қызметтік автокөліктер де жұмылдырылды.

Саптық байқаудың әрбір элементін тиянақты орындай жүріп өткен тәртіп сақшылары өздерінің қызметтеріне даяр әрі қырағы екендіктерін көрсете білді. 

– “Жұртқа жақын полиция” қағидатына сәйкес халықпен қарым-қатынас оң жолға қойылып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты орында болуы тиіс. Адами құндылық – биік парасат, мәдени ізеттілік пен әдептіліктің негізгі ұстанымдары және көріністері әрбір полицейдің бойынан табылуы да басты талап, міндетті. Жұмыстың өзін “Мен Сізге қандай көмек көрсете аламын?” – деген сауалдан бастаған жөн. Қай кезде де тұрғындардан осылай сұрап, бірінші кезекте оларға көмек көрсетуді ойлау керек, – деп Шымкенттің бас полицейі Ералы Жумаханбетов нұсқама берді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған маңызы мол бағдарламалары мен Ішкі істер Министрі Ерлан Тұрғымбаевтың нақты тапсырмаларын жүйелі әрі жіті жеткізген Ералы Мұсаәліұлы “Шымкент – қауіпсіз қала” болуы бағыттарына толығырақ тоқталып, жоба-жоспарларды құнттады.

Гарнизондық қызметке тарату жиыны салтанатты саптық жүріспен тәмамдалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру