Шымкентте бір күнде қауіпсіздік белдігін тақпаған 92 жүргізуші жазаланды
Шымкентте бір күнде қауіпсіздік белдігін тақпаған 92 жүргізуші жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғалары кезінде жүргізуші немесе жолаушы қауіпсіздік белдігін тақпау салдарынан болатын жарақат алу жағдайлары көп. Жүргізушілер арасында кең таралған жол қозғалысы ережесін бұзудың бір түрі – қауіпсіздік белдігін тақпау.
Шымкент қаласы Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің қызметкерлері бір тәулікте, яғни 3 наурызда жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 92 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды.
Аталған жүргізушілер Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) бойынша жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану қағидаларын сақтамаған жүргізушілерге 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.