Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте бірнеше бап бойынша кінәлі деп танылған азамат сотталды

Шымкентте ұрлық, алаяқтық, тонау қылмыстары бойынша кінәлі деп танылған азамат сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

44 жастағы ер адам мейрамханаға келушілерден, техникалық байқау орталықтарының жұмысшыларынан, тіпті дүкен терезелерінен түрлі бағадағы телефондарын ұрлап кеткен. Бірде ол аурухананың емдеу бөлмесінен қуаттағыш құрылғысында тұрған телефонды жымқырып үлгерген.

Күдіктінің қылмыстық әрекетінен жеті адам зардап шеккен. Зардап шеккендердің бірінің айтуынша, қоғамдық автобуста одан қоңырау шалу үшін телефонын сұрап, бірінші аялдамада гаджетімен автобустан түсіп, қашып кеткен.

Тағы бір арызданушы ұрының смартфондардан бөлек, жеке гигиеналық заттарды ұрлап та, ақша табуды көздегенін жеткізді. Ол супермаркеттен құны 100 мың теңгеден асатын ұстараларды қолды еткен.

– Абай ауданы полиция басқармасымен ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық), ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) және ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркелді. Жедел уәкілдер полиция департаментінің жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктіні анықтап, ұстады, – деді тергеуші Нұржігіт Айдаров.

Анықталғандай, ер адам бұрын да осыған ұқсас қылмыстар үшін бірнеше рет сотты болған.
Тергеушілер барлық қажетті дәлелдемелерді жинап, қылмыстық іс материалдарын сотқа жолдады. Сот азаматты ұрлық, алаяқтық, тонау қылмыстары бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру