Шымкентте есірткіні пошта арқылы жолдаған азамат 5 жылға сотталды
Шымкентте есірткіні тергеудегі ағасына пошта арқылы жолдаған азамат 5 жылға сотталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Абай аудандық соты есірткі тасымалдаған азаматқа қатысты үкім кесті. 30 жастағы ер адам есірткі затын өткізумен айналысқаны үшін кінәлі деп танылды.
Еске салар болсақ, Шымкент қаласының Полиция департаменті Абай ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен В. есімді азамат 2020 жылы желтоқсан айында жалпы салмағы 79,1 грамм кептірілген марихуананы тасымалдау мақсатында заңсыз сақтаған.
Анығырақ айтсақ, түзеу мекемесінде жазасын өтеп отырған ағасына жеткізу үшін екі пластмасса майонез шелектерінің түбін жасыра жабдықтап, есірткі затын сонда жасырған.
Содан кейін ол кептірілген марихуана жасырынған пластмасса шелектерді Шымкент қаласындағы пошта бөлімшелерінің біріне әкеліп, хат-хабар түрінде рәсімдеп, тапсырысты екі рет пошта арқылы Тараз қаласындағы ағасы отырған түзеу мекемесіне жолдаған.
Дегенмен бұл есірткі заты дер кезінде түзеу мекемесінің қызметкерлерімен анықталып, тәркіленді.
Шымкент қаласы Абай аудандық соты жергілікті тұрғынды ҚР ҚК-нің 297-бабының 1-бөлігінде (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау туралы үкім шығарды.
Сот процесі барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, өзінің әрекетіне шынайы өкінетінін жеткізді.