Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкентте “Менің полициям” байқауының үздіктері марапатталды

Шымкент қалалық ПД бастығы Думан Таев “Менің полициям” байқауының үздіктерін құттықтады. Ішкі істер министрлігінің нұсқауымен ұйымдастырылған жарысқа 100-ден астам жеткіншек өтініш берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Балалар “Бейбіт күннің батырлары”, “Есірткіге жол жоқ!”, “Бала – басты жолаушы”, “Менің әкем – полицей!” “Полиция қауіпсіздік пен тәртіптің тірегі!”, “Мектептегі қауіпсіздік” тақырыбында эссе, тик-ток және әлеуметтік бейнероликтер әзірледі.

Арнайы құрылған комиссия шешімен, “Үздік эссе”, “Үздік тик-ток”, “Үздік бейнеролик” номинациялары бойынша 20 жұмыс іріктеліп, көпшіліктің назарына ұсынылды. Байқау шарты бойынша үздік деп танылғандарға полиция департаментінің бастығы Думан Таевтің атынан арнайы диплом табысталды.

Қаланың бас полицейі жарысқа қатысқан әр балаға шынайы ризашылығын білдіріп, ыстық лебізін жеткізді.

– Бала деген періште ғой. Олар айналасынан тек жақсылықты көреді. Біз ұйымдастырған шығармашылық байқауға қатысып, бақ сынап, полиция туралы туындыларыңызды назарға ұсынғандарыңыз үшін көп рақмет. Болашақтарыңыз жарқын, келешектеріңіз кемел болсын. Аңсаған армандарыңызға сүрінбей жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін. Балаларға демеу бола білген ұстаздар қауымына да ерекше алғыс білдіремін, – деді Д.Таев.

Айта кетейік, жарыс нәтижесі бойынша жеңімпаз деп танылғандар республикалық “Менің полициям” балалар шығармашылығы байқауына жолдама алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру