Шымкентте полицейлер жолда босанған әйелді перзентханаға жедел жеткізуге көмектесті
Шымкентте полицейлер жолда босанған әйелді перзентханаға жедел жеткізуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік инспекторлар Нұралы Тәукеев пен Саят Керімбек жаңа туған нәресте мен оның анасын перинаталдық орталыққа тез арада жеткізді.
Қала көшелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз етіп жүрген полицейлерге көлік жүргізушісі жүгінді. Ер адам әйелінің жолда толғағы қысып, ауруханаға жетпестен, көлікте босанғанын жеткізді.
Офицерлер жедел әрекет етіп, сиреналарды қосып, көлікті сүйемелдеп алып жүру арқылы медициналық мекемеге кептеліссіз және барынша жылдам жеткізді. Осылайша, бірнеше минут ішінде ана мен бала дәрігерлерге тапсырылды.
Бақытты әке өз кезегінде тәртіп сақшыларына уақытылы көмек көрсеткендері үшін шын жүректен алғысын білдірді.
Жаңа туған сәби отбасының екінші ханшайымы екен. Қазіргі таңда ол анасы екеуі қалыпты жағдайда.