Шымкентте қауіпсіздік белдігін тақпаған 8 мыңға жуық жүргізуші жазаланды
Шымкентте жыл басынан бері қауіпсіздік белдігін тақпаған 8 мыңға жуық жүргізуші жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қауіпсіздігін алдын алу және жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында Шымкент ҚПД жергілікті полиция қызметі басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күнделікті (тәулік бойы) қызмет атқарады. Жүргізушілер арасында көп кездесетін жол қозғалысы ережесін бұзудың бір түрі – қауіпсіздік белдігін тақпау.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жыл басынан, яғни 2023 жылдың 1-қаңтарынан жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған 7736 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырды.
Аталған жүргізушілер ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) жауапқа тартылды.
Айта кетейік, заңнамаға сәйкес бұл құқықбұзушылық 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуға әкеп соғады.
Осы ретте тәртіп сақшылары жүргізушілерге жол үстінде көлік тізгіндегенде өз өмірін қатерге тікпеуге және тиісті ережелер мен сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді.