Шымкентте заңсыз балық аулаған 22 адамға айыппұл салынды
Шымкентте заңсыз балық аулаған 22 адамға айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласының аумағында 2021 жылдың 9 сәуір мен 31 мамыр аралығында браконьерліктің жолын кесу мақсатында «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.
Балықтардың уылдырық шашу мезгілінде қала аумағында орналасқан су қоймаларында заңсыз балық аулау және олардың өнімдерінің айналымы мен контрабандасын анықтауға және алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.
Іс-шара кезінде криминалдық полиция, тергеу және табиғат қорғау саласына жауапты мамандармен аудандық Полиция басқармаларында жедел-тергеу топтары құрылды. Рейдтік іс-шаралар Тоғыс, Текесу, Бадам және Ақжар су қоймаларын қамтыды.
Іс-шара нәтижесінде қала аумағында орналасқан өзен-су қоймаларында учаскелік полиция инспекторларымен заңсыз балық аулаған 22 адам анықталды. Оларға қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігімен әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 641 мың 740 теңге айыппұл салынып, шара көрілді.
Айта кететін жайт, алдағы уақытта да браконьерлік пен заңсыз уылдырық және балық бизнесімен айналысатын ұйымдасқан топтар мен адамдардың қылмыстық іс-әрекетіне қарсы Криминалдық полиция басқармасы және табиғат қорғау саласындағы мүдделі органдармен бірлескен іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіледі.