Шымкентте жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталығын тонағандар ұсталды
Шымкентте жаппай тәртіпсіздік кезінде сауда орталығын тонағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
5 қаңтарда түнгі уақытта Шымкент қаласында орын алған жаппай тәртіпсіздік кезінде құқық бұзушылар “Метро” сауда орталығының есік-терезелерін сындырып, заңсыз кірген. Сауда орталығының ішінен түрлі заттар ұрланған. Аталған оқиға Шымкент қаласы Полиция департаменті Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түскен.
Жайт Қаратау ауданының Полиция басқармасымен сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 3-бөлігімен (Ұрлық) тіркелді.
Полиция қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Нұрсат-3 шағынауданында орналасқан жалдамалы пәтерлердің бірінде оқиғаға қатысы бар деген күдікпен төрт адам анықталып, ұсталды. Олар 20 және 21 жастағы Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.
Олардан айғақты зат ретінде “Метро”сауда орталығынан ұрланған тауарлар тәркіленіп алынды.
Аталған азаматтарға қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының қызметкерлерімен жедел іс-шаралар барысында сауда орталығының заттарын ұрлаған тағы бір 27 жастағы азамат ұсталды. Ол ұрланған заттарды өзі жұмыс істейтін көлік жуу орнының демалыс бөлмесінде жасырған болып шықты. Ұрланған тауарлардан бөлек, бөлмеде ерекше иісі бар зат пен ішінде сары сұйықтығы бар кесілген пластикалық бөтелке және кастет анықталды.
Қазіргі таңда жайттар бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Сонымен қатар, “Метро” сауда орталығынан ұрланған басқа да заттарды анықтауға бағытталған шұғыл іс-шаралар жалғасуда.