Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада ҚАЖ мекемелеріне ерекше режим жағдайы енгізілді

Қызылордада ҚАЖ мекемелеріне ерекше режим жағдайы енгізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Президентінің төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлығының, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 101-бабының, сондай-ақ “Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде, үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы” ҚР Заңының 46-бабының негізінде 19 қаңтарға дейін ҚАЖ мекемелерінде ерекше жағдайлар режимі енгізілді.

Елдегі қалыптасқан жағдайды ескере отырып, жоғарыда аталған режимнің қолданылу кезеңінде ҚАЖ мекемелерінің ішкі күн тәртібі уақытша өзгертілетін болады.

Мекемелерде ұсталған азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше оқиғаларға жол бермеу мақсатында Қылмыстық-атқару кодексінің 105 және 113-баптарында көзделген: сотталғандардың, сондай-ақ тергеу-қамауға алынған азаматтардың құқықтарын іске асыруда уақытша шектеу шаралары қолданылады.

Бұл ретте, сотталғандарға азық-түліктер, бірінші кезекте қажетті заттарды және сәлемдемелерді жеткізуде уақытша қиындықтар туындауы мүмкін.

Департамент сәлемдемелердің заңнамада белгіленген тәртіппен берілуі үшін барлық жағдайды жасайтынын хабарлады.

Кездесулердің барлық түрлері және телефон арқылы сөйлесулер, оның ішінде бейнебайланыс арқылы сөйлесулер шектеледі.

Террористік актілерден қауіп туындаған жағдайда, колониялар аумағында, сондай-ақ тергеу изоляторларында серуен жасалмайды.

Мекемелерден тыс жерлерге шығу тоқтатылады. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық-атқару кодексінің 143-бабының 9-бөлігіне сәйкес, қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеп жатқандар өздері жұмысқа орналасқан ұйымдарға жіберілмейтін болады.

– ҚАЖ мекемелерінде сотталғандар мен тергеудегі азаматтар үшін мәдени- бұқаралық іс-шаралар өткізуге уақытша тыйым салынады. Қалыптасқан жағдайға қарамастан, біздің тарапымыздан Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі ұсталған азаматтарды барлық қажетті құрал-жабдықтармен, сондай-ақ тиесілі нормаларға сәйкес тамақ өнімдерімен қамтамасыз етуде барлық шаралар қабылданатын болады. Барлық мүдделі тұлғалардан шектеу шаралары аяқталғанға дейін сабырлық сақтауды және түсіністікпен қарауды сұраймыз. Сондай-ақ, жалған ақпараттар таратпауды және ресми түсініктемелерге жүгінуді ескертеміз, – деді департаментте.

Мекемелерде ерекше жағдайлар режимінің енгізілуіне байланысты берілмеген кездесулер сақталады және жағдай тұрақталғаннан кейін беріледі.

Сонымен қоса, Қызылорда облысының ҚАЖ мекемелерінде барлық коммуникациялық жүйелер (су, электр және жылумен жабдықтау) үздіксіз жұмыс жасап тұр.

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ мекемелеріндегі жағдай тұрақты. Барлық туындаған сұрақтар бойынша 23-48-07 нөмеріне хабарласуға болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру