Шымкентте жасөспірімдердің қатысуымен болған 600-ге жуық құқық бұзушылық анықталды
Шымкентте тоғыз тәулік ішінде жасөспірімдердің қатысуымен 600-ге жуық құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жергілікті полиция басқармасының қызметкерлері “Жасөспірім” жедел-профилактикалық іс-шарасын тұрақты түрде өткізіп келеді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қала аумағында кәмелет жасына толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған, ата-анасының бақылауынсыз жүрген балаларды, мектептерде құқық бұзушылыққа бейім лидерлерді анықтау.
Іс-шара барысында кәмелет жасына толмағандарға қатысты 574 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 132-бабы (Кәмелетке толмағандардың түнгi уақытта ойын-сауық мекемелерiнде болуына жол беру) бойынша – 18, ҚР ӘҚБтК-нің 200-бабы (Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу) – 1 жайт, ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 1-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22-ден таңғы 6-ға дейін ойын-сауық мекемелерінде болуы) бойынша – 21 жасөспірім анықталды.
Сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23-тен таңғы 6-ға дейін болуы) бойынша – 524, ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 3 ата-анаға әкімшілік шара қарастырылып, қадағалаусыз жүрген 66 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.
Шымкент полициясы ата-аналарға балаларыңыздың бос уақытында қандай іспен айналысып жүргендеріне баса назар аударып, мұқият көңіл бөлуге шақырады. Өз балаларыңыздың тәртібі мен қауіпсіздігі үшін жауапты екендеріңізді ескертеді.