Шымкентте жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 488 жайты тіркелді
Шымкентте жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 488 жайты тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкенттік полицейлердің айтуынша, интернет-алаяқтар күн сайын ақша табудың жаңа әдісін ойлап табуда.
– Соңғысында олар адамдардан екінші деңгейлі банк карталарын ашып, жалға немесе сатып алуға ұсыныс жасап жүр. Оның себебін «крипто валюта алып-сатамын», «сізге ешқандай зияным тимейді, тек картаны бізге сатсаңыз болды» деп түсіндіреді. Алайда сол арқылы сіздің жеке мәліметтеріңізді иеленіп, басыңызға қара бұлт төндіретінін ескеріңіз, – деді тәртіп сақшылары.
Шымкент қаласында жыл басынан бері интернет-алаяқтық бойынша 488 жайт тіркелді. Оның ішінде полицейлердің нәтижелі жұмысының арқасында 183 қылмыс ашылып, сотқа жолданды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 7,1 пайызға жоғарылаған. Ал жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі 162 миллион теңгеден астам соманы құрайды.