Шымкенттік алаяқ аңқау тұрғынның қалтасын қаққан
Шымкентте жұмысқа тұрғызамын деп жалған уәде берген алаяқ жергілікті тұрғыннан 1 000 000 теңге ақша алған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасына Шымкент қаласының тұрғыны шағымданған. Ол бір азаматтың алдау арқылы сеніміне кіріп, жұмысқа тұрғызамын деп уәде бергенін, сондай-ақ қызметі үшін 1.000.000 теңге ақшасын алғанын айтқан. Уәде етілген жұмысқа орналастыру туралы мәселе шешілмегендіктен, алданғанын ұққан жәбірленуші көмек сұрап, полицияға жүгінген.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы кезінде алаяқтық жасады деген күдікпен 25 жастағы жергілікті тұрғынды жеткізді. Оның Шымкент қаласы аумағында бұрын жасалған осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.