Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шымкенттік бас полицей өткен жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді

Шымкенттік бас полицей өткен жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

30 наурызда Шымкент қаласы әкімдігінде қалалық Полиция департаментінің бастығы Қ. Дәлбеков 2021 жылдың 12 айындағы жедел-қызметтік жұмыстарының қорытындылары және алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы есеп берді.

Қала бойынша тіркелген ұрлықтың жалпы саны 12,0 пайызға төмендеп, ашылымы 1,3 пайызға артты. Полицейлердің осы орайда «Көрші бақылауы» жобасы іске асырылғанын және бұл бағыттағы атқарып жатқан еңбектерін айтып өтті. Оған қоса, қазіргі таңда біздің бақылауымызда 3 868 бейнекамера жүйелі іске қосылған. Олардың көмегімен 307 қылмыс ашылып, 74 155 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталғаны турасында толығырақ баяндады.

– Бүгінде интернет алаяқтық бойынша 281 қылмыстық іс тіркеліп, оның 34 ісі сотқа жолданған, 181 іс тергелуде. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, интернет алаяқтық қылмысты жасаған бес адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды, күдіктілердің үшеуі қамауға алынды, екі күдіктіге іздеу жарияланды. Қазіргі таңда 20-дан астам қылмысқа қатысы бары дәлелденді. Сондай-ақ, есірткі қылмыстары бойынша ҚР Президенті Қ. Тоқаев өз Жолдауында еліміздегі қазіргі уақытта жастар арасында есірткінің түрлерінің қолдануы өршіп бара жатқанына аландаушылық білдіріп, құқық қорғау органдарына есірткі қылмыстарын алдын алу бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы орайда, өткен жылда қала бойынша есірткіге қатысты жалпы 350 құқық бұзушылық анықталды, – деді мегаполистің бас полицейі.

Бұдан өзге, есірткі сайттарда, үйлер мен ғимараттардың қабырғаларына граффити-сурет салу арқылы жарнамалау деректері орын алуда. Нәтижесінде, 745 есірткі сайттары жарнамаланған мекенжайлар анықталып, жойылды.

– Осы орайда «Нашақорлыққа жол жоқ» деген профилактикалық іс-шарасы жүйелі түрде өткізіліп келеді. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Сондай-ақ, балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстарды алдын алу және оның жолын кесуді ерекше бақылауға алуды тапсырды.Тапсырмаға сәйкес, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында қала аумағында «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз балалар» атты профилактикалық іс-шаралар күнделікті өткізілуде. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде, ағымдағы жылдың 12 ай қорытындысымен кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 26,7%-ға, қылмыс жасауға қатысқан жасөспірімдер саны 48,1%-ға төмендеген, – деді Қ. Дәлбеков.

Сондай-ақ, қаладағы білім беру мекемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 152 мектепке бейнебақылау камералары қойылып, оларды департаменттің Жедел басқару орталығына шығару жұмыстары білім басқармасымен бірге атқарылуда. Ал SOS дабыл нүктесі барлық мектептерге орнатылып, бұл бағыттағы жұмыс бақылауда екендігіне ерекше тоқталды.

– Ел Президенті Қ. Тоқаевтың халыққа Жолдауында атап өткендей, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі – басым бағыттардың бірі. Яғни, халыққа сапалы қызмет көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен өзара серіктестікте шешуге баса көңіл бөлініп отыр. Бұл ретте, біз тәртіп сақшылары – азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетіп, халықпен тығыз байланыс жасай отырып, қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған жұмыстар атқарудамыз. Басты қағида полиция – қашанда елдің қорғаны. Қоғамның тыныштығы мен тынысын бақылаушы ретінде полиция қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету, қоғамның полиция қызметіне деген сенімін жоғарылата отырып, бұқарамен жақындастыру, қазақстандық патриотизмді насихаттау – негізгі мақсатымыз. Дәл осы бағытта аянбай қызметімізді жалғастыратын боламыз, – деп атап өтті Қайрат Дәлбеков.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру