Шымкенттік полицейлер есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады
Шымкенттік полицейлер есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент ҚПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ірі көлемде есірткі заттарын сақтап, оны өткізумен айналысқан үш азаматты ұстады.
Оның екеуі Қаратау ауданы Достық мөлтек ауданындағы жол бойынан құрықталып, олардан 2 полиэтиленді пакетте болған есірткі заттары тәркіленіп алынды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастыру барысында олармен сыбайлас бір азамат Қайнар бұлақ тұрғын үй алабында өзінің мекенжайынан ұсталып, ол азаматтан 1 қапқа салынған есірткі заты табылды.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар кептірілген марихуана екендігі анықталып, жалпы салмағы – 7 кг 188 гр құрады.
Атап өту қажет, құрықталған қылмыстық топтың мүшелерінің барлығы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сотты болған.
Бүгінде аталған азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды.